Басқы бет → БАҚ біз туралы → ҚР ИИДМ: АУЫР САЛМАҚТЫ ЖҮК ТАСЫМАЛДАУ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫН МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ТОЗДЫРАДЫ

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар

ҚР ИИДМ: АУЫР САЛМАҚТЫ ЖҮК ТАСЫМАЛДАУ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫН МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ТОЗДЫРАДЫ

16 сәуір 2019

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде автожолдардың сақталуын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің төрағасы Самат Гилимов, «Қазжол ҒЗИ» АҚ президенті Бағдат Телтаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Арман Жүсіпов қатысты.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында бүгінгі күні республикалық желі автожолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 87%-ке, жергілікті желі 68%-ке дейін жеткізілді. 2025 жылға қарай республикалық желінің жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 95 %-ке, жергілікті желіні 85%-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Арман Жүсіпов атап өткендей, биыл Республикалық маңызы бар 4467 км автожол қайта жаңарту, жөндеу және салу жұмыстарымен қамтылды, оның ішінде 2019 жылы 533 км жолды пайдалануға беру жоспарлануда.

Сонымен қатар, биыл 1190 км жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға беріледі. Оның ішінде 480 км ресайклинг технологиясы бойынша, 250 км жолдың кедір-бұдырлы бедерін өңдеу, 48 км микросюрфейсинг технологиясы бойынша, 412 км жол цемент бетон жабындыны жаңарту және жасарту жұмыстары жүргізіледі. 2019 жылы күтіп-ұстау жұмыстарымен 22 мың шақырымнан астам автожол желісі қамтылды. Барлығы күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына 54,4 млрд. теңге және ағымдағы жөндеу жұмыстары мен күтіп ұстауға 26,1 млрд. теңге бөлінді.

«Ауыр салмақты жүктерді тасымалдау қарқындылығы тікелей автомобиль жолының беріктігіне, жол жамылғысы монолиттілігінің бұзылуына, жолдың шөгуіне, ойылуына, пластикалық деформациялардың пайда болуына және автомобиль жолының мерзімінен бұрын тозуына алып келеді», - деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары.

«Қазжол ҒЗИ» АҚ-ның есептеріне сәйкес, кеніштерден жүк тасушы өзі аударатын автокөлік құралдарының автомобиль жолдарымен жүруі автожолдардың пайдалану мерзімін едәуір қысқартады және олардың бұзылуына әкеп соғады.

ҚР ИИДМ Көлік комитеті төрағасының айтуынша, көбінесе ауыр жүк таситын қытайлық өзі аударатын көлік құралдары. Олар кеніштерден инертті материалдарды шамадан тыс тиеп тасиды.
Қазіргі уақытта 400 мыңнан астам жүк көлігі тіркелген. Олардың ішінде 55 мың өзі аударатын көлік құралы, яғни кеніштерде пайдаланатын көліктер.

Көптеген тасымалдаушыларда көліктік бақылау жүргізу кезінде тауар-көлік жүк құжаты болмай шығады. Мысалы, 2018 жылы 5 700 тасымалдаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 188 млн.теңге айыппұл салынды. Жауапкершіліктен қашу үшін көптеген жүк жөнелтушілер (кеніш иелері) инертті жүктер тиегенде тауар-көлік жүк құжатын көрсетпейді.

«Қазіргі уақытта бақылауды 3 стационарлық көлікті бақылау бекеттері, 48 жылжымалы бекеттер жүзеге асырады. Бұдан бөлек жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарына 12 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдары орнатылды. Көлікті бақылау органдары 2018 жылы 12 515 кеніштік өзі аударатын көлік құралдарын тексерді, 4384 көлік құралында заң бұзушылық анықталды,. Оларға 321 млн. теңге айыппұл салынды», - деп атап өтті Самат Гилимов.

Автомобиль жолдарын сақтау жөніндегі міндеттерді шешу үшін облыстар, республикалық маңызы бар қала әкімдіктерінің және полиция департаменттерінің қатсалысуы және белсенді қолдаулары қажет.
Облыс әкімдерінің және өңірдің барлық құрылымдарының тікелей қатысуымен ауыр салмақты автокөлік құралдарын пайдалануға жол бермеу мәселесі бойынша Қызылорда, Атырау және Павлодар облыстарында бірлескен жұмыстың тәжірибесі бар және оң шешім табуда.

Бұдан бөлек, жолдарда бақылаудың тиімділігін арттыру үшін бүгінгі таңда жергілікті жерлердегі көлікті бақылау инспекциялары ауыр жүк тасымалдаушыларды бақылау бойынша бірлескен Жол картасын (бірлескен іс-қимыл алгоритмдерін) әзірледі, онда тиісті шаралар көзделген.

Көлік комитеті инспектордың құқық бұзушымен байланысын болдырмайтын қашықтықтан бақылау формасына ауысып, ауыр салмақты автокөлік құралдарының жүріп өтуіне бақылауды толық автоматтандыру бойынша шараларын қарастыруда. Пилоттық жобаны биыл жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.

Сілтеме: http://miid.gov.kz/kk/news/kr-iidm-auyr-salmakty-zhuk-tasymaldau-avtomobil-zholdaryn-merziminen-buryn-tozdyrady?fbclid=IwAR0cs2CQufrJ_3IBhEKE8iSrNkutQYmM0_Zf_sDdUDIy8hCFG08ZWMuk2kA


Біздің серіктестер